Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпбейінді қалалық ауруханасы отбасын жоспарлау орталығының гинеколог-эндокринологы Айгүл Мұсабаева бала сүйгісі келген жұптар "Аңсаған сәби" бағдарламасы арқылы бірнеше рет ЭКҰ жасата алатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Экстракорпоралды ұрықтандыруды жылына бір рет жасауға болады. Алдыңғы жасанды ұрықтандыру нәтижесіз өтсе, келесі жылы дайындалып, қайтадан тегін жасата алады. Яғни алдыңғы ЭКҰ нәтижесіз болғандықтан, мемлекет тарапынан қайта тегін көмек алуға құқылы", – деді маман.
Бұл ретте Айгүл Мұсабаева экстракорпоральды ұрықтандыруға қарсы медициналық көрсетілімдер де болатынын ескертті.
"Жатырда эмбрионды имплантацияға кедергі келтіретін туа біткен, жүре біткен аурулар, жүктілік қарсаңында қарсы көрсетілімі бар психологиялық, психосоматикалық өзгерістер, операциямен емдеуді қажет ететін аналық бездер, жатырдың ісіктері, онкология, жедел қабыну, кез келген локализация онкологиясы, есірткі мен алкогольге тәуелділік, жатыр қосалқыларының гидросальпингсі, сактосальпинкс, жатырдың синехиясыз ісіктері жатырдан тыс ұрықтандыруға кедергі жасап, нәтижесін төмендететін және болдырмайтын қарсы көрсетілім болып саналады", – деді дәрігер.