Бір адамға немесе бір фирмаға берілетін жердің көлеміне шектеу болады

818

Бір адамға немесе бір фирмаға берілетін жердің көлеміне шектеу болады

Жер реформасы жөніндегі комиссия 11 шешім қабылдаған. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның құқық мәселелері жөніндегі тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан үкімет отырысында мәлімдеді.

"Бүгінгі талқыға салынатын заң жобасы ерекше маңызды деп білемін. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы бұл заң барлымызға ауыр тиді. Өкінішке қарай кейбір азаматтар қазақ халқының ділін, менталитетін түсінбей "жерді сатайық" деп шыға келді. Халық оған қарсы болып, мінезін көрсетті. Мұны Елбасы көріп түсінді. Ол арнайы комиссия құрды. Құрылған жер комиссиясы бұл мәселені бірнеше ай ақылдасып, талқылап 11 шешім қабылдады", — деді ол.

Сондай-ақ ол осы комиссияның құрамында жұмыс істегенін айтты. "Кейін комиссияның осында отырған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандарымен бірге осы заң жобасын дайындық. Бұл жерде алғысымды білдіргім келеді. Үлкен жұмыс атқарылды. Заң бойынша біз қабылдаған протоколға 100 пайыз cәйкес келеді. Оған мен кепіл беремін. Өзім де осы жұмысқа қатыстым", — деді Мұхтар Тайжан.

Ал Конституцияның 26-бабына қатысты Мұхтар Тайжан былай деді: "Конституциядағы өзгерістерге сәйкес 26-бап өзгертілгелі жатыр. Менің ойымша, сол бапты сол қалпында қалдыру керек. Өйткені, бұл ұсыныс өте күмәнді. Латифундистерге осы заңның ішінде нормалар бар. Оны Ерлан Нысанбаев айтып кетті. Яғни бір адамға немесе бір фирмаға берілетін жердің көлеміне шектеу болады. Ол өте маңызды. Өйткені, латифундизм деген ұғымды біз жойып тастау керек. Жер халыққа тимей ауылда жұмыссыздық болады. Сондықтан біз оған арнайы назар аудағанымыз жөн. Жер тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу