Бір айда 100-ден аса дрон: Десанттық-шабуылдау әскерлерінде өндіріс дамып келеді

155

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бір айда 100-ден аса дрон: Десанттық-шабуылдау әскерлерінде өндіріс дамып келеді Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту бағытында тұрақты ілгерілеу байқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде дрондарды жинақтау, баптау, сынақтан өткізу және оларды әскер бөлімдеріне тапсырудың толық циклі жолға қойылған. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамында екі жыл бұрын құрылған.

"Осы уақыт ішінде әскери қызметшілер дрондарды практикалық қолдануды меңгеріп қана қоймай, оларды өз күшімен жинақтау мен жөндеу жұмыстарын да жолға қойды. Бұл әскердің ішкі қажеттіліктерінің едәуір бөлігін өз бетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Дрондарды жасау, жинау және жөндеу шеберханасы 2025 жылдың желтоқсанында жұмысын бастады. Онда арнайы дайындықтан өткен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер қызмет етеді. Жақында мұнда жүзінші ұшқышсыз ұшу аппараты құрастырылды", – делінген хабарламада.

Барлық дрон міндетті түрде бақылау сынақтарынан өткізіліп, кейін әскери бөлімдерге тапсырылады. Мамандардың айтуынша, бұл бағытты дамыту қазіргі заманғы соғыс жүргізу талаптарынан туындап отыр. Қазіргі қарулы қақтығыстарды талдау ұшқышсыз аппараттардың барлау, атысты түзету және бөлімшелерді басқарудағы рөлінің артқанын көрсетеді.

Биыл Десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу орталығы базасында ҰҰА операторларын даярлау басталады. Оқытуды арнайы курстардан өткен, әртүрлі үлгідегі дрондарды қолдану тәжірибесі бар нұсқаушылар жүргізеді. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері "Десант-2025" оқу-жаттығулары барысында алғашқы "жауынгерлік сынақтан" өтті. Олар әуе барлауын жүргізіп, авиация мен артиллерияның атысын түзетті, соққы беруге қатысып, бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқаруды қамтамасыз етті.

Қазір Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қару-жарағында отандық және шетелдік өндірістегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар. Бұл бағытты одан әрі дамыту, жаңғырту және жетілдіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу