Бір баланы мектепке дайындауға 70 мың теңге шамасында ақша жұмсалады

1098

Бір баланы мектепке дайындауға 70 мың теңге шамасында ақша жұмсалады

ОҚО-да бiр баланың киiмiне – 40 мың, оқуға қажеттi құрал-жабдықтарына 20 мың теңге кетедi, деп хабарлайды okg.kz.

Шымкент базарларындағы сатушылардың айтуынша, киiмдердiң бағасы өткен жылға қарағанда 300-500 теңгеге қымбаттаған. Мәселен, ер балалардың және қыз балалардың ақ жейдесi 2000 мен 3000 теңгенiң аралығында сатылуда.

Бастауыш сыныпта оқитын ер балаларға арналған екi шалбары бар костюмдер 7 мың теңгеден жоғары тұрады. Қыз балаларға арналған қара және көк түстi сарафандар 3000-5000 теңгенiң аралығында сатылуда. Ал, әдемi екi бантиктi  500 теңге. Ақ және қара алжапқышы бар  мектеп формаларының бағасы – 4000 теңге. Арқаға асынатын сөмкелер 3 мыңнан жоғары. Бұл тауарлардың барлығы Түркиядан әкелiнген.

Қытай және Қырғызстаннан жеткiзiлген өнiмдер Түркия тауарына қарағанда бiршама арзан болғанымен, сапасы төмен. Синтетикалық матадан тiгiлген. Дегенмен, оларды да сатып алып жатқандар аз емес. Өйткенi, көпбалалы ата-аналардың перзенттерiнiң барлығына бiрдей сапалы киiм сатып әперулерiне шамасы жетпейді.

"ҚР бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мектеп формасына қатысты талаптарды бекiту туралы бұйрығына сәйкес, бiрыңғай мектеп формасы үш түстен аспауы керек. Сонымен қатар, мектеп формасының түсi ашық болмауы тиiс. Ер балалардың мектеп формасына пиджак, желетке, шалбар жатады. Қыстыгүнi водолазка, трикотаждан тоқылған желеткелердi де киюiне болады. Қыздардың мектеп формасы: пиджак, желетке, белдемшеден тұрады. Қыстыгүнi олар да водолазка мен шалбар кие алады. Дегенмен, бұл бұйрықта қыз балаларға арналған белдемшенiң ұзындығы жазылмаған. Сондықтан, мұны мектеп басшылығының өзi бақылауында ұстайды. Бiз өз тарапымыздан ата-аналарға отандық өнiм өндiретiн кәсiпорындардың тауарын тұтынуға кеңес беремiз. Мәселен, "Алтын адам"  фабрикасының өнiмдерiн алуға болады. Бiрақ, ешкiмнiң күштеуге құқығы жоқ. Егер де осы заң талаптары бұзылған жағдайда Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң 55-87-18 телефон нөмiрiне қоңырау шалып, хабарласуларыңызға болады", -  дейді Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң мамандары.

Сала мамандары биыл бiрiншi сыныпқа баратын балалардың барлығы пән дәптерлерiмен толық қамтамасыз етiлетiнiн айтады.

Жалпы, оқу құралдарының бағасы бiр қарағанда ұсақ-түйек болып көрiнгенiмен, оған да әжептеуiр ақша керек. Қазiр дәптер бағасы 5-8 теңге аралығында. Бiр бастауыш сынып оқушысы оқу жылының аяғына дейiн орта есеппен 70-ке тарта дәптердi пайдаланады. Ал, жоғары сынып оқушыларына арналған пән дәптерлерiнiң бағасы 100 теңгеден жоғары тұрады. Бұған сурет салатын альбом, фломастер, қарындаш, қаламсап секiлдi өзге де ұсақ-түйек заттарды қосылады. Демек, мұндай керек-жарақтың өзiн алу үшiн 20-30 мың теңгеден астам қаржыңыз болуы тиiс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу