Айтыскер ақын Балғынбек Имаш TALK LIKE бағдарламасында Болат Назарбаевтан алған сыйақысы туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақынның айтуынша, ол Болат Назарбаев мұрындық болған іс-шараларға жиі қатысқан.
"Ондай жағдай бірнеше рет болды. Осыдан 5 жыл бұрын ғой деймін, 65 жасына барып қалдық. Таныс жігіттер шықырып, 3-4 ақын қатар тұрып айтыстық. Ал сыйақымызды алдын ала беріп қойған. Сол жерде әзіл айтып, сол кісіге тілегімізді жеткіздік. Есіктің алдында болып жатқан, үйіне біреуді жұмсады да, бір бума көк қағазды алдыртып, төрт ақынға бере салды. Ол ақшаның қайдан келіп жатқанын білмейміз, өнерімізге берілген баға деп түсіндік", – деді ол.
"Намаз оқитын адам үшін ақшаның қайдан келіп жатқаны қаншалықты маңызды?" деген сауалға айтыскер ақын былай деді: "Мен оны білемін, ұлы Нұрболмен сапарда бірге болдық, намазхан жігіт. Соңғы жылдары бизнесін алкоголь немесе өзге де харам нәрседен тазартуға тырысты. Алла бір перзент берсе, Нұрбол секілді перзент берсін. Әкесі ауырғанда ауруханада басында тұрып күзетіп, барлық жұмысын тастап, әкесінің қасында болды. Ол намазхан жігіттің әке-шешеге деген құрметі. Талай ауылға мешіт салды. Одан қалды әкесінің бизнесіндегі харам дүниелерді тазартты", – деді Балғынбек Имаш.
Сондай-ақ өмірден өткен адамның артынан қаңқу сөздер айту да дұрыс еместігін еске салды.