Бір қазақстандықтың атында 65 пәтер бар

182

Елімізде мүлікке салынатын салық артуы мүмкін. 

Бір қазақстандықтың атында 65 пәтер бар Фото: freepik

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин осы мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатта өткен дөңгелек үстелде Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі аясында мүлік салығын арттыру ұсынылғанын айтты. Вице-министрдің дерегінше, бір қазақстандықтың атында 65 пәтер бар. Ведомство өкілінен бұл азамат қай өңірде тұратынын сұрадық.

"Салық органдарынан келетін мәліметтің бәрі салық құпиясы болып саналады. Сондықтан да кім, қайда тұратынын айта алмаймыз. (Мүлікке салық салу) мәселесін қазір қарастырып жатырмыз. Бұл елдегі жалғыз адам емес. Бізде бірнеше пәтері бар азаматтардың саны көп. Адамның меншігіне қатысты қандай да бір шектеулер жоқ. Меніңше, бұл дұрыс емес. Кез келген адам қанша табыс тапса, сонша мүлікке ие болуға құқылы. Осы тұста кірістің заңдылығы мен салықтың төленуі басқа мәселе", – деді вице-министр редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Азамат Әмрин салынатын салық мөлшері қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты.

"Мысалы, жеке тұлғада бір бөлмелі 10 баспана бар дейік. Олардың құны шамамен 25 млн теңге болсын. Бізде салық салу шкаласы бар. Оның аясында ол бойынша мөлшерлеме шамамен 0,6 пайызды құрайды. Тиісінше 25 млн теңгеден 0,6 пайыз, 10 пәтерге көбейтсек, бір ставка шығады. Енді ол бұлай есептелмейді, өйткені бұл прогрессивті шкала. 10 пәтердің жиынтық құны алынады. Яғни, 250 млн теңге. Сәйкесінше 250 млн теңге үшін шкала енді 0,6 емес, 1,2-1,5 пайыз шамасында болады", – деп түсіндірді Ұлттық-экономика вице-министрі.

Бұл өзгерістер 2026 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу