Бір келі күріш – 21 мың теңге: Атырауда кәсіпкердің үстемеақысы әшкереленді

317

Атырау облысында жеке балабақшаға күріштің бір келісін 21 мың теңгеден жеткізген кәсіпкер анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Бір келі күріш – 21 мың теңге: Атырауда кәсіпкердің үстемеақысы әшкереленді Фото: au.pinterest.com

Бұл дерек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген цифрлық талдау барысында белгілі болған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде.

Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Бекболат Әнесовтің айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15 пайыздық шекті сауда үстемеақысын негізсіз асырған 10-нан астам ірі жеткізуші анықталған.

"Кейбір кәсіпкерлер сауда үстемеақысын 3 500 пайызға дейін көтерген. Соның салдарынан қарапайым күріштің бір келісі жеке балабақшаға 21 мың теңгеден жеткізілген. Бұл мәселе облыс әкімдігі жанындағы комиссияның қарауына ұсынылды. Жақын уақытта кәсіпкерге қатысты тиісті шаралар қабылданады", – деді Бекболат Әнесов.

Сонымен қатар департаменттің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында "Кибербақылау" жүйесі арқылы онлайн-казинолар мен заңсыз ойын платформаларына апаратын 398 интернет-сілтеме және қаржы пирамидаларына қатысты 45 интернет-сілтеме бұғатталған.

Жарты жылдық қорытынды бойынша өндірістегі қылмыстық істердің жартысы аяқталып, 12 іс сотқа жолданған. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген 109,9 млн теңге шығынның 21,1 млн теңгесі сотқа дейінгі тергеу барысында өндіріліп қайтарылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу