Бір реттік құпиясөзге қатысты қауіп сейілді

1137

Бір реттік құпиясөзге қатысты қауіп сейілді

Мемлекеттік қызметті алу барысында бір реттік құпиясөзді қолданудың еш қауіпі жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бүгінгі күні электрондық сандық қолтаңбаны ешкім алып тастаған жоқ. Бір реттік құпиясөзді енгізген кезде оны алынуы оңай, әрі қандай да бір қауіпі жоқ қызметтерде қолданамыз. Негізінде адам бір реттік құпиясөзбен қызмет алу үшін алдымен бізге, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына келуі, сол  нөмірдің тікелей өзіне бекітілгендігі туралы келісімге қол қоюы тиіс. Осыдан кейін барып ол телефон нөмірін ЖСН-імен байланыстырады. Содан соң ғана ол жеке кабинетінде бір реттік құпиясөзді пайдалану арқылы мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік туралы анықтама сынды 20-ға жуық қызметті ала алады", - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, 15 минуттың ішінде бизнес ашу сынды байыпты қызметтерде электрондық цифрлық қолтаңба қолданылады. "Біз халық тарапынан ЭЦҚ-ны пайдалану ыңғайсыз деген пікірлерін естудеміз. Қауіпсіздік мақсатында ЭЦҚ бір жылға ғана беріледі. Қазіргі уақытта бірінші жартыжылдықта шамамен 2,5 млн ЭЦҚ жазылып, қолданылуда. Бір реттік құпиясөзді қолданудың заңнамаға қайшы болуы бүгінгі күні бізде тіркелмеген", - деді корпорация басшысы.

Осы орайда ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бір реттік құпиясөзді енгізу мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету мақсатында жасалғанын атап өтті. "Меніңше, процесс жүріп жатыр және біз қалай болғанда да бұл процесті жеңілдетуге тиіспіз",-  деді Абаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу