Жаз басталысымен елорда көшелерінде электросамокат пайдаланушылардың саны күрт артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Десе де, ол шоғырдың арасында жол қозғалысы ережелерін сақтамайтындар да аз емес. Соның салдарынан өз қауіпсіздігіне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіретін жағдайлар жиілеп кеткен.
Астана қаласының полиция қызметкерлері жыл басынан бері электросамокат жүргізушілері тарапынан жасалған 1200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісін тіркеген. Осыған байланысты қалада рейдтік және профилактикалық шаралар күшейтілді.
Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған заң бұзушылықтар да анықталған. Мәселен, екі жасөспірім бір электросамокатқа мініп, көлік қозғалысы жолында бірнеше рет ереже бұзған. Нәтижесінде 16 жасқа толған жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның заңды өкілдеріне де тиісті шара қолданылған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бір самокатқа екі адамның мінгесіп жүруіне, қозғалыс кезінде телефон немесе құлаққап қолдануға, жылдамдықты шамадан тыс арттыруға және қауіпті маневр жасауға тыйым салынады. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде жүргізуші самокаттан түсіп, оны қолмен алып жүруге міндетті.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, электросамокатпен велосипед жолақтарында немесе веложолдарда жүруге рұқсат етіледі. Егер ондай жолақтар болмаса, жолдың оң жақ шетімен қозғалу қажет. Бұдан бөлек, жүргізушінің жасы 18-ден асуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, қорғаныш шлемін киюі және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалануы талап етіледі.
Полиция жалға берілетін самокаттарды ретсіз тастап кету мәселесіне де назар аударып отыр. Тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында қалдырылған көліктер тұрғындарға кедергі келтіретіндіктен, мұндай самокаттар арнайы айып тұрағына эвакуацияланады.
Қала полициясы тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты екенін ескертті.