"Бір сөйлесетін адам керек қой" – ақпарат министрі танымал әлеуметтік желілер туралы

1099

"Танымал әлеуметтік желілер Қазақстанда өз өкілін тағайындауға дайын". Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров осындай пікір айтады. Бірақ онысына дәлел келтірмейді. "Келісім бермейтін әлеуметтік желілерді жабасыздар ма" деген сауалға да нақты жауап бермейді.

"Бір сөйлесетін адам керек қой" – ақпарат министрі танымал әлеуметтік желілер туралы

"Сіз сонда әлеуметтік желілердің атынан сөйлеп тұрсыз ба?", – деп сұрады журналист.

"Жоқ, олардың атынан сөйлемеймін. Бірақ олар дайын. Бізбен жұмыс істеуге қызығушылық байқатады", – деп қайталады Омаров.

Үкімет отырысынан кейін журналистер министрге кибербуллингке қатысты әзірленген заң жобасы бойынша сауал қойғанымен, толыққанды жауап ала алмады. 

"Телеграм арқылы нашақорлық затының (?) саудасы жүргізіледі. Білесіздер ғой? Ондай телеграм арналарды біз тауып, жауып тастаймыз. Бірақ сол арналарды ақылы түрде жарнамалаған бір әлеуметтік желіні көрдім. Қай әлеуметтік желі екенін айтпай-ақ қояйын. Біз оған хабарласып жатқанша неге... Неге нашақорлыққа ақылы жарнама болуы керек? Бұл әлеуметтік желінің алгоритмінде бір қате бар. Өтіп кетеді. Кибербуллинг бойынша да осылай... Әрине, олардың өзіндік алгоритмдері жұмыс істейді. Бірақ Қазақстанның заңы да болуы керек", – дейді министр.

"Жоғарыда келтірген мысалыңыз бойынша "нашақорлықты жарнамалаған" әлеуметтік желіге шағым түсірдіңіздер ме, олар шағымды орындады ма?", – деп сұрады журналист.

"Иә, көрдік. Алып тастады", – дейді министр.

"Ендеше сіздер қойған талапты орындайтын болса, заңның қандай қажеті бар?", – деп сұрайды журналист.

"Кейбір кезде мән бермейді мысалы... Шағым түсірсек орындайды. Бірақ [қанша уақытта орындағанын] есіме түсіре алмай тұрмын", – дейді министр.

Ол "халық үніне құлақ асатын мемлекет ретінде" барлық пікірді тыңдап, талқылайтынына сендіреді. 

"Жалпы біздің елде ме, жоқ әлде онлайн жұмыс істейтін бе – әйтеуір бір өкілі болғанын қалаймыз. Өкіл Қазақстан азаматы болуы міндетті емес. Енді... бір сөйлесетін адам керек қой", – дейді министр. 

"Қазақстан Республикасының балалар құқығын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" атты заң жобасы қазір сенат депутаттарының қарауында. Алдағы күндері талқылау болмақ. Жоғарғы палата депутаттары заңды қабылдайды немесе қайтарып тастайды. Қазір оған өзгеріс енгізуге құқылы емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу