"Бір сынып – бір мұғалім" қағидасы қатаң сақталады

1464

Кезекші сыныптар жұмысы қалай ұйымдастырылады: елордалық мектепте БАҚ үшін пресс-тур өтті.  

"Бір сынып – бір мұғалім" қағидасы қатаң сақталады

Нұр-Сұлтанда бастауыш сыныптарда 82 мыңнан астам оқушы болса, оның 50%-ы кезекші сыныпта оқуға өтініш білдірген, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Бүгін Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер мектептің кезекші сыныпты қабылдауға дайындық барысымен танысты. Шара барысында мектеп директоры Сапура Тулекова №76 мектеп-лицейде 32 кезекші сынып құрылғанын атап өтті.

"Бұл сыныптарда бала саны 15-тен аспайды. Аптасына үш күн офлайн, қалған екі күн қашықтан оқиды. Сабақтың ұзақтығы 40 мин, күніне 3-4 сабақ өтеді. "Бір сынып – бір мұғалім" қағидасы қатаң сақталады. Яғни, бастауыш сыныптар сынып жетекшісі өтетін пәндерді мектепте оқып, қалғанын онлайн режимде өтетін болады", – деді Сапура Тулекова.

Елорданың барлық мектептері кезекші сыныптар үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен қаулыға сәйкес санитарлық шараларды қатаң сақтайды. Дизинфекциялық туннель, арақашықтық сақтау үшін арнайы белгілер, залалсыздандырғыш құралдар орнатылады. Бұл ретте ата-аналар да
коронавирус инфекциясын жұқтыруды болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қамтамасыз ету қажет. Маска тағу, қолғап кию, қолды жеке антисептик немесе бактерияға қарсы дымқыл майлықтармен өңдеу қажет.

"Біз үшін балалар мен ұстаздардың денсаулығы бірінші орында, сол үшін санитарлық шаралар қатаң сақталады. Әр сыныптың үзіліс уақыттары да әртүрлі. Әрбір екінші сабақтан кейін ылғалды жинау, сынып бөлмесін желдету жүргізіледі. Сабақ аяқталғаннан кейін сынып бөлмесі кварцталады. Мектеп дезинфекциялық туннельмен, кварцпен, тепловизормен, маскамен және дезинфекция құралдарымен толық қамтамасыз етілді", – дейді мектеп-лицей директоры.

Алдағы оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатыны белгілі. Тек бастауыш сыныптар үшін ата-аналардың өтініші негізінде "кезекші сыныптар" жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда елорда мектептері кезекші сыныптар үшін өтініштер қабылдауда. Қала бойынша бастауыш сыныптарда 82 мыңнан астам оқушы болса, оның 50%-ы кезекші сыныпта оқуға өтініш білдірген. Кезекші сыныпқа өтініш қабылдау әлі де жалғасуда. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу