Иран билігі бұғаз арқылы өтпек болған кез келген кемеге соққы жасалуы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусының өкілдері Ормуз бұғазындағы қозғалысқа қатаң бақылау орнатылғанын айтып, бұл аймақтан өтуге әрекет жасаған кемелер әскери нысанаға айналуы ықтимал екенін жеткізді. Тегеран мұндай іс-әрекетті АҚШ пен Израильдің аймақтағы әскери қысымына жауап ретінде қарастырып отыр.
– Аймақтан бір тамшы да мұнайдың шығуына жол бермейміз, – деп мәлімдеді ирандық генерал Сардар Джабари.
Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық тасымал үшін аса маңызды теңіз дәлізі. Сарапшылар әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі, яғни күніне 20 миллион баррельге жуық мұнай дәл осы бұғаз арқылы тасымалданатынын айтады. Сондай-ақ, Қатардың сұйытылған табиғи газының негізгі бөлігі де осы бағытпен экспортталады.
Қазіргі уақытта 700-ден көп кеме қауіп-қатердің артуына байланысты Ормуз бұғазында тоқтап тұр. Тіпті, 1 наурызда тек 3 танкер ғана өткен, бұл мұнай жеткізуді 86 пайызға азайтып отыр.
Халықаралық қауымдастық бұл жағдайды үлкен қауіп ретінде бағалайды. Бірқатар ел Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскери теңіз күштерін тарту мәселесіне назар аударуда.
Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазындағы шиеленіс ұзаққа созылса, бұл әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Егер бұғаздағы қозғалыс толық тоқтаса, мұнай бағасының күрт қымбаттауы күтіледі және халықаралық тасымал бағыттары да анық өзгереді.