Атаулы датаға орай ұйымдастырылған шараға қатардағы жұмысшылар, жобалаушылар, архитекторлар мен құрылыс саласының ардагерлері қатысты.
Салтанатты рәсімде ведомство басшысы құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің әлеуетінің артуында құрылыс саласының маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Қайырбек Өскенбаев өз сөзінде құрылысшыларды кәсіби мерекесімен тек қана ИИДМ ғана емес, сонымен қатар барлық қазақстандықтар құттықтайтынын айтты.
ИИДМ басшысы құрылысшыларға зор денсаулық, баянды бақ-береке мен толағай табыс тіледі. Сонымен қатар ол ерен еңбегімен көзге түскен бір топ қызметкерге арнайы салалық марапаттар табыстады.
Атап айтқанда, "Құрметті құрылысшы" төсбелгісімен "Granite" ЖШС бригадирі Құрман Кенжеғараев, "Bazis Construction" ЖШС мұнаралы кран айдаушысы Марат Мурбеков, "Иртыш - АС" ЖШС арматурашысы Асантай Мұсаев пен "Сапа" ЖШС техникалық қадағалау бөлімінің басшысы Болат Кизиев марапатталды.
Ал "Құрметті сәулетші" төсбелгісі "Ғимарат-Горпроект" мекемесінің директоры Үсен Жұмагелдинге, "Құрметті жолшы" белгісі ДЭУ-62 көлік жүргізушісі Виктор Мишенин, "Қазавтожол" АҚ ақылы автомобиль жолдары департаментінің машинисті Валерия Духшерер және "ҚАЖ" Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Райхан Күлпешовке берілді.
Ал құрылыс саласының ардагері Көкен Дюсуповке Қайырбек Өскенбаев "Еңбек ардагері" медалін салтанатты жағдайда табыстады.