Бір жылда 15 заң жобасы әзірленді

670

 Бір жылда 15 заң жобасы әзірленді

Парламент палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Қазақстан президенті депутаттардың өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқталып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Өткен сессияда парламент 84 заң жобасын қарап, қабылдады. Соның ішінде "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң да бар. Бір жылда сіздердің бастамаларыңызбен 15 заң жобасы әзірленді", – деді елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев жүргізілген саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппараттың алдына қойылған міндеттерді іске асыруда парламент пен үкіметтің жауапкершілігі жоғары екенін айтты.

"Қазақстан бүгінде стратегиялық маңызы бар бірқатар міндетті жүзеге асыруда. Парламент үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті қоғамды дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды. Елбасы рухани жаңғыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің орындалуына назар аударды.

"Биыл парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті ашық жұмыс жасауға ынталандыруға тиіспіз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнаманы жетілдіру керек. Сондай-ақ, банктерге тиімді бақылау жүргізу үшін Ұлттық банкке заңнамалық тұрғыдан көбірек мүмкіндік беру қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, мемлекет басшысы сақтандыру жүйесін дамыту және дәрі-дәрмек айналымын тәртіпке келтіру, сондай-ақ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

"Парламенттің және бүкіл еліміздің алдында жауапкершілігі мол көп жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаңғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдайда биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс", – деді Қазақстан президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу