Бір жылда үй бағасы 13,2%-ға қымбаттаған

820

Пәтер жалдау құны 8,1% өскен. 

Бір жылда үй бағасы 13,2%-ға қымбаттаған

Статистика комитеті 2020 жылы тұрғын үй нарығындағы бағалардың өзгеруі туралы статистикалық мәлімет жариялады. Мұндағы салыстырулар республикалық орташа баға бойынша жасалғанын айта кету керек. Яғни, көптеген ірі қалада тұрғын үй бағасының өсімі ресми статистикадағы сандардан әлдеқайда жоғары болатыны сөзсіз.

Сонымен, Сатистика комитетінің дерегіне сенсек, 2019 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың желтоқсанына дейін абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату бағасы – 13,2% артқан. Қарапайым тілмен айтсақ, пәтер саудасына маманданған делдалдардың белсенділігі баспана бағасына кері әсер етуде. Ал жаңадан қолданысқа берілген тұрғын үйлерді сату 5% өсіпті. Пандемия басталған кезде жалға алатын үйдің бағасы арзандайтыны туралы болжамдар көп айтылған болатын. Бұл да өткінші құбылыс болған сияқты. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі былтырғыдан 8,1% жоғары болған.

Алдыңғы жылдардың ресми мәліметтерін салыстырсақ, 2012 жылдан бері жаңа баспананың бағасы тек 2015 жылы ғана 3,6% түскен екен. Ал бір ай бұрынғы дерек бойынша, жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 307 600 теңге болған көрінеді. Бұл қарашадағы бағадан 0,7% қымбат деген сөз. Алып сатылған баспана бағасы бір айда 1,8% қымбаттаған. Бір шаршы метрі – 228 218 теңге. Былтыр "екінші нарықтағы" баспана бағасының өсімі 6,2% деңгейінде болғанын ескерсек, биылғы өсім 2 есе деуге болады. Баға 2020 жылдың мамырынан бері ай сайын 1-1,5% өсім қосып отырған.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу