"Бір жылдан бері мәйіттік донордан трансплантация жасалған жоқ"

1146

Елімізде мүше алмастыру деңгейі төмендеген.

"Бір жылдан бері мәйіттік донордан трансплантация жасалған жоқ"

Қазақстанда  2011 жылмен 2019 жыл аралығында жалпы 1656 трансплантациялық ота  жасалған. Оның 1354-і туыстық, бар болғаны 302-сі мәйіттік. 2016 жылы Қазақстанда мүше алмастыру бойынша 221 ота, яғни, ең жоғары көрсеткіш тіркелген. 2017 жылы 213, 2018 жылы 167, 2019 жылы 126 трансплантация жасалды. А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО басқарма төрағасы Болатбек Баймахановтың айтуынша бұл елімізде мүше алмастыру деңгейінің төмендеуін көрсетеді.

 "Қазақстанда 2009 жылы келісім презумциясы қабылданды. Содан бері бұл сала қарыштап дами бастады. Тіпті трансплантация бойынша әлемдік рейтингте 2016 жылы еліміз Жапонияның алдына шықты. Ал одан кейін көрсеткіштер төмендей бастады. Қазақстанда жыл сайын донор кезігінде тұрғандардың 30%-ына дейін қайтыс болады. Оның ішінде балалар да бар. Ал соңғы бір жылдан бері тіпті мәйіттік донордан трансплантация жасалған жоқ. Тек туыстық донордан мүше алынды. Бұл жағымсыз статистика", – деді Болатбек Баймаханов.

Жалпы елімізде 3  мыңға жуық науқас донор кезегінде тұр. Одан бөлек 5 мың адам созылмалы бүйрек ауруына байланысты гемодиализ орталықтарында ем қабылдауда. "Сенім" қоғамдық ұйымының мүшесі Қуанышбек Атабековтың сөзінше осы 5 мың адам болашақта донор кезегіне тұруы мүмкін.

"Мен 2003 жылы бүйрегім ауырып, трансплантация жасаттым. Арада 17 жыл өтті. Қазір денсаулығым жақсы. Егер дер кезінде ота жасатпасам қазір бұлай жүрмес едім. Сондықтан өзім сияқты адамдардың басын қосып, донор кезігінде тұрған науқастарға көмек көрсетіп, кеңес беру үшін қоғамдық ұйым құрдық. Елімізде көпшілік қайтыс болған туыстарының ағзаларын мәйіттік донор ретінде алуға рұқсат бермегендіктен  жылына мыңдаған адам  қайтыс болады. Сондықтан біз бақилық болған адам сегіз науқасқа өмір сыйлауы мүмкін екенін халыққа жеткізгіміз келеді", – деді Қуанышбек Атабеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу