"Бірде-бір ел әйелдерді зорлық-зомбылықтан толық қорғай алмай отыр"

928

Нұр-Сұлтанда "Қазақстандағы отбасы институты және отбасылық саясат: мәселелері, үрдістері мен келешегі" тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет" атты халықаралық кампанияның басталуына орай ұйымдастырылған, деп жазады inbusiness.kz. 

"Бірде-бір ел әйелдерді зорлық-зомбылықтан толық қорғай алмай отыр"

Іс-шараның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ-Әйелдер Құрылымы.

Конференцияға Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ дипломатиялық өкілдік басшылары қатысты. 

Ұлттық комиссия төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова конференцияда сөйлеген сөзінде, адам құқықтарына қатысты ұлттық және халықаралық стандарттардың сақталуы еліміздегі басты басымдықтар екенін атап өтті.   

"Зорлық-зомбылықты түбегейлі жою өте өзекті тақырып. Өкінішке қарай, әйелдер мен балаларға қатысты көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері туралы жиі естиміз. Сондықтан да зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бойынша жүйелі қадамдар қабылдануы аса маңызды. Отбасыны қорғау мен қолдауда біртұтас жүйе қалыптастырудың қажеттілігі туралы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бірінші кезекте екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым атап өтуде. Парламент Мәжілісінің депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсету шаралары көзделген отбасы институтын нығайту туралы заңжобасын әзірлеген болатын", – деді Ләззат Рамазанова. 

Конференция барысында Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова және Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет" атты халықаралық кампания аясында өтетін ісшаралардың бірлескен жоспарын бекітті. 

Зорлық-зомбылыққа қарсы бірінші халықаралық кампания 1991 жылы  – осыдан 30 жыл бұрын өткізілген. 

"Содан бері бұл халықаралық кампания жыл сайын өткізілуде. Халықаралық кампанияның осы уақытқа дейін өткізілуінің өзі – әлем бойынша зорлық-зомбылық өзекті мәселе екендігін және бұл мәселе түбегейлі шешілмей отырғандығын көрсетіп отыр. Өкінішке орай, әлемде бірде-бір ел әйелдерді зорлық-зомбылықтан толық қорғай алмай отыр. Біздің мақсатымыз – заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау, мемлекеттік органдардың ведомствааралық жұмысын үйлестіру", – дейді Ләззат Рамазанова. 

25 қарашадан бастап әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес күні барлық елде басталады. Бұл халықаралық кампания 16 күн бойы өтікізіледі. Оның аясында әлем елдерінде зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты  ағартушылық, мәдени ісшаралар өтікізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу