"Біреу өлді ме деп ойладым": Ғұсман Қырғызбаев Ута Абэнің қалай жылағанын айтып берді

686

Ол "Берен" YouTube-каналына берген сұхбатында спортшы жапониялық Ута Абэнің жылаған сәтін еске алды.

"Біреу өлді ме деп ойладым": Ғұсман Қырғызбаев Ута Абэнің қалай жылағанын айтып берді Фото: коллаж: inbusiness.kz

Париж Олимпиадасында дзюдодан қола жүлде иеленген Ғұсман Қырғызбаев жарыс кезінде болған қызықты жайттар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Спортшының айтуынша, жаттығу залында Абэні қоршап алған адамдарды сыртынан көрген ол біреу оқыстан қайтыс болған деп ойлаған. 

"Париж Олимпиадасында әйелдер арасында чемпион атанған өзбекстандық Диора Келдиорова екеуіміз бір күнде күрестік. Сол күні белдесуге шығайын деп тұрғанымда спортшылар жаттығатын залда біреу аңырап жылап жатты. Адам қайтыс болды ма деп жағдайды еш түсінбедім. Адамдардың барлығы бір жерге жиналып қалған. Қарасам, Абэ екен. Ұтылып қалғанын сол жерде естідім. Өзбек қызы жапон балуанын қалай ұтып кеткенін түсінбей қалдық. Бір қарағанымда вазари ұпайымен Ута Абэ ұтып жатқан еді. Ал Абэнің залда жылаған сәтін біз көрмедік. Кейін әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан куә болдық", - деді Ғұсман Қырғызбаев.

Спортшының айтуынша, жапон дзюдошысының эмоцияға ерік бергені оған қатты әсер еткен. 

"Абэ жылағанын көргеннен кейін біз де бір түрлі болып қалдық. 5 жыл бойы ұтылмаған спортшыға оңай емес. Сол уақыттан бері оны ешкім ұтпақ түгілі, ұпай да алмаған еді. Бірінші айналымда таза ұтылу спортшыға өте ауыр соқты", - деді ол сұхбат барысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу