Павлодарда екі бозбаланы №21 мектептің маңында аяусыз ұрып-соққан. Оқиға 29 қыркүйек күні кешкі сағат 6-7 шамасында орын алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Павлодар облысының Білім басқармасының ақпаратына сүйенсек таяқ жеген екі бозбала колледж студенті.
"2024 жылдың 29 қыркүйегінде кәмелетке толмаған екі бозбала түрлі жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізілді. Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу жүргізіп жатыр", - деді ведомство.
Полиция да оқиғаны растады.
"Денсаулыққа қасақана орташа зақым келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі.