Біріккен Араб Әмірлігінің билігі ағза ауыстырудың ережесі мен шарттарын алдын ала бекітіп, заңдастырды, деп хабарлайды islam.kz.
Аталмыш елдің денсаулық сақтау және профилактика министрлігі "өлімді мойындау" деп аталатын жарғы шығарды. Аталған құжатта үш негізгі жайт қарастырылған: жүректің тоқтауынан келетін өлім; мидың қызметі толық тоқтауынан болатын өлім; мидың өлгені жөніндегі педиатрлық растау және ересек адам мен баланың миы өлгенін нақты анықтайтын өлшемдер. Сонымен қатар, өлім фактісін мойындау алдындағы тиісті тексеру рәсімдері белгіленген. Айта кету керек, бұл жарғы заңсыз жолмен ағза ауыстыру жайттары болып тұратын осы елдегі органды трансплантациялау жөніндегі ұлттық бағдарламаны толықтыратын құжат. Аталмыш заң қабылданғаннан кейін ағза ауыстыруға мамандандырылған халықаралық медициналық орталықтар ашылатын болады. Сонымен қатар, өлген соң өзінің ағзаларын сырқаттардың игілігі үшін қалдырып кететіндерді есепке алатын мәліметтер базасы мен ағза банктері ашылатын болады.