Бірқатар елдің басшысы Елбасын мерейтойымен құттықтады

943

Шетел басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ерекше атап өткен.

Бірқатар елдің басшысы Елбасын мерейтойымен құттықтады

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атына Елорда күні мен Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай көптеген хаттар келіп түсуде, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өз хатында Мемлекет басшысы ретіндегі ұзақ мерзімді және жемісті қызметі барысында Елбасы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да зор құрмет пен беделге ие болғанын атап өтті.

"Сіз ең күрделі тарихи кезеңде елді тиімді басқардыңыз, Қазақстанның жаңа тарихы мен тағдыры Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Зор күш-жігеріңіздің, парасатты және көреген басшылығыңыздың арқасында Қазақстан Республикасы өзінің үлкен экономикалық және зияткерлік әлеуетін тиімді пайдаланып, бүгінде әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан елдердің біріне айналды", – дейді Шавкат Мирзиёев.

Испания Королі Фелипе жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.

"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізге Испанияға деген ерекше көңіліңіз бен біздің елдеріміздің арасындағы берік қатынастарға қол жеткізуге қосқан жеке үлесіңіз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ Сізге зор құрметімді білдіремін", – деп жазылған Испания Королінің құттықтауында.

Монако князі II Альбер Елбасын мерейтойымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жоғары саяси беделі алдағы уақытта да елдің тұрақты дамуына қызмет ететініне сенім білдірді.

Чехия Республикасының Президенті Милош Земан өзінің жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолындағы сіңірген еңбегін атап өтті.

"30 жылдың ішінде Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан көптеген жетістікке қол жеткізді. Біздің елдеріміздің арасында ұзақ уақыттан бері достық қарым-қатынастың жалғасып, көптеген салалардағы ынтымақтастық  екі жаққа да пайдасын тигізе отырып, дамып жатқандығына өте қуаныштымын", - делінген Милош Земанның жеделхатында.

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Ашраф Ғани өз жеделхатында Елбасының екіжақты қатынастарды дамытуға және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.

Израиль Мемлекетінің Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Елбасын мерейтойымен құттықтап, екі ел арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

"Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан Республикасы көпсалалы экономикасы бар заманауи, жарқын елге айналды. Бұл шын мәнісінде Орталық Азия және одан тыс жерлер үшін өте маңызды фактор. Мен Сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық пен бақ-береке тілеймін", – деп жазылған жеделхатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу