Бірқатар елдің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды

780

Рәсімге қатысқандар арасында Вьетнам, Хорватия, Чехия, Жапония және Тәжікстан елінің дипломаттары бар.

Бірқатар елдің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды

Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа бірқатар елдің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды 24.kz.

Рәсімге қатысқандардың арасында Вьетнам, Хорватия, Чехия, Жапония және Тәжікстан елдерінің дипломаттары бар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елшілердің дипломатиялық миссиясы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президент биылғы жыл елімізде Жастар жылы болып бекітілгенін және кейінгі буын өкілдерін сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамту үшін қазір бірқатар жобаның жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы еліміздің шетелдік әріптестермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, біздің ел тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, өркениеттер диалогын ілгерілетуге ерекше үлес қосып келе жатыр. Сондықтан бұл үрдіс әрмен қарай жалғаса бермек.

"Халықаралық қатынастар саласында әлемдік жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаңызға мәлім. Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін, алдын алу үшін атсалысуы қажет. Бұл біздің бүкіл адамзат алдындағы тарихи жауапкершілігіміз болып саналады. Қазақстан әлемдегі татулық пен бірлікті сақтауға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ өткеніне 70 жыл толады. Біз бұл атаулы датаға ерекше мән береміз", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу