Қазақстанда жасалған отандық тауарлар Өзбекстан нарығына көптеп шығарылмақ, деп хабарлайды 24.kz.
Еліміздің бірқатар ірі өндіріс орындары Ташкентте өтіп жатқан халықаралық өнеркәсіп көрмесінде екіжақты келісімге қол жеткізді. Атап айтқанда, металлургия мен тау-кен өндірісіне қажетті құрылғылар, химиялық реагенттер, пластмассадан және резеңкеден жасалған тауарлар жеткізетін болды.
Жәрмеңкеде бұдан бөлек өрт қауіпсіздігін сақтайтын құрылғылар мен машина жасау, дәнекерлеу бұйымдары, жалпы өндіріске қажетті құрылғылар алуан түрі қойылған. Бұл Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жекелеген сауда-саттықпен қатар өзара іскерлік байланыстың артуына да негіз болмақ.
Осымен оныншы рет өткізіліп отырған шараға дүние жүзінің 13 мемлекетінен 100-ден астам ірі кәсіпорын өкілдері қатысып жатыр.
"Әлемдік брендтер қатарына қойылған қазақстандық өнімдерге сұраныс жоғары", – дейді мамандар.
"Көрмеге қатысып отырған компаниялардың басым бөлігі Қазақстан мен Ресей және Украинадан келген. Бұл жалпы алғанда Өзбекстанның өндірісімен қатар өзге елдегі кәсіпорындардың дамуына негіз болады", - дейді ұйымдастыру комитетінің менеджері Сабина Абдуллаева.