Бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланады

342

Республикадағы аудандар мен қалалардың 75%-ы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспеген.

Бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жарияланады Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министр Әлихан Смайылов бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Стихиялық қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу инфрақұрылымын дамыту – аса өткір тұрған мәселелердің бірі. Біз бұл мәселені биыл қыркүйек айында Үкімет отырысында қарадық. Бірқатар тапсырмалар берілді, оның ішінде стихиялық қоқыстардың санын 2 есеге қысқарту мәселесін көтердік. Алайда Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын", - деді ол.

Үкімет басшысының сөзінше, аудандар мен қалалардың 75%-ы коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріскен де жоқ.

"Ал мерзім әлдеқашан өтіп кетті. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген. Сондықтан аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын. Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.

Министрлік сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді келесі жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отыр. 

Премьер-Министр тиісті жұмыстар  келесі жылдың 1 сәуіріне дейін аяқталмаса, тәртіптік шаралар қабылданатынын баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу