Бірқатар өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

674

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.  

Бірқатар өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев және т.б. баяндады.

Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға төмендеді. Түркістан облысында 0,6%-ға, Нұр-Сұлтанда 0,3%-ға, Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында 0,2%-ға, Алматы қаласында және Қарағанды облысында 0,1%-ға бағаның төмендеуі тіркелді.

Жалпы республика бойынша көкөністер бағасының төмендеуі жалғасуда. Қалған басқа өнімдердің бағалары тұрақты.

2021 жылы 769,3 мың тонна өнімге, оның ішінде 684 мың тонна жұмсақ бидайға келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта 559 мың тонна немесе келісімшарт жасалған көлемнің 72,7%-ы жеткізілді.

Қазіргі таңда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарық субъектілерінің атына 113 хабарлама жіберді, 16 тергеу жүргізді, өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 192 актісін жасады. Сауда үстемесін көтерудің 75 фактісі анықталды.

Биылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстанның жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы республиканың барлық құс фабрикалары бойынша тауық жұмыртқасының бағасын 16%-ға – бір данасына 37 теңгеден 32-31 теңгеге дейін төмендетті.

Премьер-Министр орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қолданыстағы барлық құралдарды пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және төмендету жұмысын одан әрі жалғастыруды тапсырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу