Бірқатар спорт ұйымының басшылары ауысты

709

ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен спорт саласындағы бірқатар бағынысты ұйымдардың басшылары тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірқатар спорт ұйымының басшылары ауысты

Маратбек Мықтыбеков "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК директоры қызметіне тағайындалды.

Маратбек Мықтыбеков 1981 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Самбо мен дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының Қазақстан тарихындағы бірінші жүлдегері, қазақ күресінен спорт шебері. Көп жылдар бойы спорт саласында түрлі лауазымдарда, оның ішінде күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының директоры, дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті, Азия бокс конфедерациясы атқарушы директорының кеңесшісі, Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарған.

Бақдәулет Сәбитов "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы" РМҚК директоры болып тағайындалды. Бақдәулет Сәбитов 1992 жылы 6 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2014 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақша күрес пен самбодан Азия чемпионы. "Еуразия барысы" турнирінің үш дүркін жеңімпазы, дзюдодан Еуропа Кубогінің иегері, әлемдік Гран-при жүлдегері. Әр жылдары "Қазақстан Республикасының қазақша күрес федерациясы" қауымдастығының бас директоры, Qazaq kuresi қауымдастығының даму жөніндегі директоры және т. б. қызметтерді атқарған.

Рысбек Қыдырбек "Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы" РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Рысбек Қыдырбек 1962 жылы 14 шілдеде Ақмола облысында дүниеге келген. 1985 жылы Қазақ педагогика институтын бітірген. 2004 жылы – А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөніндегі агенттігінде, Қ. Мұңайтпасұлы атындағы республикалық спорт интернатының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры және т.б. қызметтерде болған.

Ернар Ибраимов "Республикалық спорт колледжі" РМҚК директоры қызметіне тағайындалды. Ернар Ибраимов 1984 жылы 15 наурызда Жамбыл облысында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі. 2011-2018 жылдары Жамбыл облысының олимпиада резервін даярлау орталығының директоры, 2018-2022 жылдары – Алматы қаласының "Шаңырақ" шағын ауданындағы "Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат колледжі" РММ директоры қызметін атқарған.

Медет Торғаев Алматы қаласының "Шаңырақ" шағын ауданындағы "Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі" РММ директоры қызметіне тағайындалды. Медет Торғаев 1986 жылы 20 наурызда Алматы облысында дүниеге келген. Спорт және туризм академиясының түлегі. Еңбек жолын самбодан жаттықтырушы-оқытушылықтан бастаған, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрылымдарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар. Тағайындалғанға дейін 2017-2022 жылдар аралығында Алматы қаласының "Шаңырақ" шағын ауданындағы "Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі" РММ директорының спорт жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу