Бірнеше жоғары оқу орнының білім беру лицензиясының күші тоқтатылды, деп хабарлады ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің баспасөз қызметі. Министрліктің бұл шешіміне ЖОО-ларды қайта тексеру барысында білім туралы заңнама нормаларының сақталмағандығын анықтау негіз болған.
"Алматы" университетін, "Қайнар" Академиясын, Алматы Экономика және статистика академиясын, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін және "Silkway" халықаралық университетін қайта тексерген кезде білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылғандығы қайта анықталған.
"Осыған байланысты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті "Алматы" Университеті, Алматы Экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін лицензиясының күшін тоқтатты. "Қайнар" Академиясы мен "Silkway" Халықаралық университетін тексеру қорытындылары тексеру нәтижелеріне шағымдануына байланысты сотта қаралуда. Сот процестері аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданатын болады",– деп жазылған БҒМ хабарламасында.
Сонымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде "құқық" даярлау бағыты бойынша (бакалавриат) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылған.
"Осы ретте талапкерлерді заңнамаға сәйкес білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда жоғары оқу орны жаңа 2020-2021 оқу жылына қабылдай алмайтындығына назар аударуларын сұраймыз",– деп ескертеді БҒМ.