Бірлік мерекесін маңғыстаулықтар да атап өтті

289

1 мамыр – Қазақстан халықының бірлігі күні Ақтауда түрлі ұлт өкілдерінің  өзара бірлігін бекемдейтін, ымыралы ынтымағы  мен ырысын арттыратын ауқымы іс-шаралар ұйымдастырылды.  

Бірлік мерекесін маңғыстаулықтар да атап өтті Фото: А. Садатқызы

Бүгінде "Достық" үйі атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар арнайы челленджге қатысып, белсенділік танытуда. Бірлік  мейрамының басты мақсаты — еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шаһардағы түрлі ұлт өкілдері 1 мамыр мерекесімен  құттықтай отырып, елдігіміздің іргесі бекем,  шаңырағымыз биік болсын деп тіледі. Мерекеге орай мотошеру де өтті. 

Шараға 150-ге жуық мотоцикл жүргізушісі қатысты. Мотоцикл жүргізушілері көк байрақты желбіретіп, жарты сағат көлемінде қаланы аралады. Шара басталмас бұрын қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мотоцикл жүргізішілеріне жолдағы қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Мотошеру Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің және "Горгоны" қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілді. 

“Мотошеру арнайы 1 мамыр Қазақстан халықының бірілігі күніне орай ұйымдастырылды. Мотоцикл жүргізушілері "Ақбота" саябағынан  бастап "Ынтымақ" алаңына дейін көк байрақты желбіретті. Баршаңызды 1 мамыр бірлік күнімен құттықтаймын. Еліміз аман болсын”, - деді мотошеру ұйымдастырушыларының бірі Владислав Фисенко.

Сонымен қатар, мотоцикл жүргізшілері мен қала тұрғындары арасында арқан тартыс ұйымдастырылды.

Қазақстан халқының бірлігі күні Атырау облысынан эвакуацияланған азаматтарға көмектескен маңғыстаулық еріктілер марапатталды.

Ақтаудағы Достық үйінде салтанатты шара өтті. Су тасқынының салдарын ескерсек, биыл аймақтағы бірлік күні ерекше маңызға ие болып отыр. Су тасқынынан зардап шекпеген Маңғыстау облысында Атырау облысының эвакуацияланған тұрғындарына жағдай жасалды. Эвакуациялау пункттерінде жатын орындар дайындалып, тамақ таратылды.

Маңғыстауға эвакуацияланған халыққа көмек көрсетуге белсене атсалысқандардың барлығы бүгінгі күннің нағыз батырлары деуге болады. 

“Биыл Қазақстанның басынан өткен су тасқыны отандастарымыз үшін үлкен сынақ болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында атап өткендей, бұрын-соңды болмаған табиғи апатты абыроймен еңсеруде еліміздің мызғымас бірлігі айқын көрініс тапты. Осындай қиын жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық өңірлерде гуманитарлық көмекті қабылдайтын және волонтерлердің жұмысын үйлестіру орталықтарын ұйымдастырды. "Жүректен жүрекке" жалпыұлттық акциясы аясында облысымыздағы зардап шеккен аудандарға азық-түлік пен алғашқы қажеттілік тауарлары да жөнелтілді. Қайырымдылық және гуманитарлық көмектерді жинауға, эвакуациялауды ұйымдастыруға және азаматтарды ақпараттандыруға барлық этномәдени бірлестіктер, сондай-ақ еріктілер, құтқарушылар, әскери қызметкерлер, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер белсене қатысты”, - деді Нұрлан Ноғаев.

Бірлік күнінің Қазақстан аумағында бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері үшін маңызы айрықша. Орыс ұлтының өкілі Кирилл Демченко қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесі елімізді мекен еткен барлық ұлт үшін өзекті екенін атап өтті.

Кирилл Демченко - Ақтау қаласының тумасы. Негізгі мамандығы - инженер. Бүгінде ол WestEcoPlast ЖШС кәсіпорынында басшылық қызметте. Кирилл кез-келген тілді жетік меңгеруде қоғамдық ортаның маңызы зор екенін айтты. Кириллдің отбасында қазақ ұлтының тұрмыс-тірлігі мен мәдениетіне айрықша  құрмет қалыптасқан. Кирилл Демченконың айтуынша, туған ел мен туған тілге құрмет - егіз ұғым. 

“Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елде өмір сүру - мен үшін мақтан тұтарлық дүние. Қазақстанда тұрған соң, қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтеймін. Қазақстан – ортақ Отанымыз! Еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл - елдігіміз бен бірлігімізді нығайта түседі. Береке-брлігіміз арта берсін”, - деді Кирилл Демченко.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу