Сенатор Дархан Қыдырәлі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сенатор Дархан Қыдырәлі "Әзірет сұлтан кесенесі бүліне жаздады. Оның себептері айқындалды ма? Реставрациялық жұмыстары қашан аяқталады? Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар бар ма?" деп сұрады. Бұдан бөлек Созақта тарихи тұлғалардың қорымдарына зерттеу жүргізуге қатысты мәселені де көтерді.
"Түркістан облысындағы ең басты құндылық Қожа Ахмет Яасауи кесенесіне байланысты аталған мәселе соңғы жылдары қоғамда талқылауға шықты. Осы мәселеге орай жергілікті әкімдік министрлікпен келісе отырып, нақты мәселені анықтау себептерін бастады. Мәдениет министрлігі Үкіметпен келісе отырып, 600 млн теңге қаражатты үш жылға бөлді. Бұл қаражатқа Қазақстаннан бөлек, Ресейден, Ираннан және Өзбекстаннан зерттеу жұмыстарын жүргізетін арнайы институттар тартылып отыр. Олар осы ғимаратқа жергілікті жердегі әсер ету факторларын төрт бағытта зерттеп келеді. Ауа, су мен топырақтың ылғалдығы және де басқа факторлардың қаншалықты ықпалы бар деген мәселені биыл үшінші жыл зерттеп отыр", - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Оның айтуынша, зерттеу жұмыстары 2023-2025 жылдарды қамтиды.
"Биыл аяқталуы тиіс. Институттар алғашқы екі жылдық нәтижені былтыр берді. Кейбір суару нысандарының жақын маңда болуы белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін деген қорытынды болғаннан кейін жақын аймақтағы 1800 шаршы метр аумақ көлеміндегі газондар жабылып, ол жерлер табиғи қалпына келтіріп, жасалды. Бұл жұмыстардың қорытындысы 2025 жылдың соңында беріледі", - деді жергілікті билік өкілі Сенаттың жалпы отырысында.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Түркістанда 45 мәдени-танымдық ескерткіш бар екенін жеткізді.
"Қазқайтажаңғырту" мекемесі бар. Жыл сайын тарихи, мәдени мұра ескерткіштерін сақтауға, реставрация жасауға мемлекеттік бюджеттен ақша қарастырылған. Мониторинг жасау арқылы ескерткіштердің жай-күйіне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дер кезінде реставрациялық жұмыстар жүргізіп отырмыз", - деді вице-министр.