Былтыр автокөлік саласындағы 5 үкіметаралық келісімге түзетулер енгізілген хаттамаларға қол қойылған.
"Атап айтқанда, Армениямен арадағы келісімге өзгерістер енгізілді, бұл өз кезегінде Қазақстан тасымалдаушыларын шамамен 100 доллар мөлшерінде экологиялық алымдарды төлеуден босатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қырғызстанмен де келісімге өзгерістер жасалды. Онда "Кеген-Қарқыра" пунктінің жұмыс режимін 8 сағаттан 24 сағатқа өзгерту көзделген", - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұдан бөлек Өзбекстанмен арадағы келісімге де толықтыру енгізілді. Бұл тұрғыда екі өткізу пунктінің мәртебесі "екіжақтыдан" "көпжақты" деп өзгертілген.
Ақпаратқа сәйкес, Өзбекстанмен арадағы келісімге енгізілген өзгерістер аясында Қазақстан тасымалдаушыларын жүк көтергіштігі 3,5 тоннаға дейінгі автомобильдер үшін өзбек рұқсат бланкілерін алудан босату көзделген.
"Түркіменстанмен де келісімге өзгерістер енгізілді. Онда жүктерді екіжақты, транзиттік және үшінші елдерге тасымалдарына рұқсатсыз жүйе енгізу қарастырылған. Қазіргі уақытта аталған құжаттардың күшіне енуі үшін тиісті мемлекетішілік рәсімдер жүргізіліп жатыр", – деді министрлік.