Осыдан бір ай бұрын Павлодар облысындағы Қ. Ыдырысов атындағы мектепте көмір таусылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, мәселені шешуге аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов барған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Әуелбек ауылындағы орта мектепте қатты отын көлемі таусылған. Қалған ұсақ көмір жағуға келмейді. Соның салдарынан 100-ге жуық бала білім алатын ғимараттың іші аз күнде аңырап кетті.
Облыстың әкімі туындаған мәселе туралы дер кезінде билікке айтпаған әрі көмірмен қамту мәселесін бақылай алмаған Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов пен жергілікті білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына қатаң сөгіс жариялаған болатын. Облыс басшылығы іске араласқан соң ғана мердігер 40 тонна отынды жеткізіп берді.
Ал күні кеше ауданаралық мамандандырылған экономикалық сот Ақтоғай ауданындағы бірнеше мектепке көмір жеткізуге міндеттелген жеке кәсіпкерлік нысанын жосықсыз мердігер ретінде тану және артық төленген ақшаны қайтару туралы шағымды қарастырды. Атап өтерлігі, аудан басшылығы аталмыш мердігер қатты отынды толық көлемде жеткізбегеніне қарамастан, келісімшартта көрсетілген соманың барлығын мерзімінен бұрын аударып қойған.
"Сот бірнеше мемлекеттік мекемеден түскен шағымды ішінара қанағаттандырды. Ақтоғай ауылдық округі әкімі аппаратының шағымы бойынша жауап беруші мемлекетке 4 651 748 теңге айыппұл, артық жасалған 17 313 003 теңге төлем мен 660 474 мемлекеттік салық төлеуге міндеттелді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот Павлодар облысы әкімдігінің аппаратына жеткізілмеген тауарға алдын ала төлем жасаған мемлекеттік мекемелердің басшыларына қатысты шара қолдануды ұсынды.
Ажар Дәулетова