Бірнеше өңірде есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды

235

Ұйымдастырушыға іздеу жарияланды. 

Бірнеше өңірде есірткі таратумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды Фото: Polisia.kz

ІІМ есірткі таратуға қатысы бар қылмыстық топтарға тосқауыл қойды, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Есірткі таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтар Батыс Қазақстан, Абай облыстарында және Алматы қаласында құрықталды. Алматы және Семей қалаларында каннабис тобының есірткі заттарын сатумен айналысқан алматылық тұрғындар ұсталды. Гашиш пен марихуананы сату Telegram қосымшасы арқылы жүзеге асырылған. Топты ұйымдастырушы чат құрып, онда гашиш пен марихуананың әртүрлі сорттарының құны туралы ақпарат салып отырған.

"Топтың басқа мүшелері есірткіні заңсыз сақтаумен, дозаларға бөлумен, оларды Алматы мен Семей аумағында тасымалдаумен және жасырумен айналысқан. Қылмыстық топқа қатысушылар қамауға алынып, ұйымдастырушыға іздеу жарияланды. Жалпы бір келіден аса гашиш тәркіленді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Орал қаласында тағы бір қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілер каннабис тобының есірткісін сатумен айналысқан. Олардан 540 грамм гашиш тәркіленді. Топты ұйымдастырушы Telegram мессенджерінде интернет дүкен құрып, есірткі сатуға басшылық еткен. Есірткіні өткізу интернет-дүкеннің әкімшісі және жалдамалы есірткі жасырушылар арқылы жүзеге асырылған.

Жыл басынан бері ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері барлығы 20 есірткі зертханасын жойды, оның ішінде сегізінде синтетикалық есірткі әзірленген. Олардан пайдалануға дайын 129 келі синтетикалық есірткі және 390 келі прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар, 12 фитолаборатория анықталып, олардан 34,5 келі каннабис есірткісі тәркіленді. Биыл полиция алты ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, оның ішінде екеуі - трансұлттық топ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу