Экологиялық акция аясында бір апта ішінде еріктілер "Анвар" гипермаркетінің келушілеріне "Eco Friend" ЖШС өндірген 10 мыңға жуық экодорба таратады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты Елорда Инфоға сілтеме жасап хабарлайды.
Науқанның мақсаты – қоғам назарын экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару. Осы арқылы жүздеген жылға дейін ыдырамай, экологияға зиян келтіретін полиэтилендік дорбадан біртіндеп арылу көзделген.
"Eco Friend" ЖШС шығарған экодорба 7 келіге дейінгі затты көтеруге қауқарлы. Сонымен қатар оны бір рет емес, бірнеше мәрте пайдалануға болады. Негізгі бағасы – 70 теңге.
"Біз планетаның таза болғанын қалаймыз. Экологияның тазалығына қолдау көрсете отырып, біз жаңа деңгейге өтуіміз керек. Экодорбаларды, сөмкелерді қолдана отырып, біз экологияға, қоршаған ортаға, табиғатқа пайдамызды тигізе аламыз. "Анвар" сауда желісі өтінішімізді қабыл алып, осы акцияға қатысып жатыр. Жалпы, тұрғындар осы дорбаны пайдалану арқылы атмосфераға зиян тигізетін полиэтилендік дорбалардан арыла алады. Экодорбаның тағы бір тиімділігі оны қайта өңдеуге болады", – деді "Eco Friend" ЖШС негізін қалаушы Алма Төлебаева.
Оның айтуынша, аталған компания ай сайын 700 мың экодорба шығарады. Зауыт елордада орналасқан. Заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Нарықта жұмыс істеп келе жатқанына екі жыл болған.
Ұйымдастырушылар бұл экологиялық акцияның жыл бойы жалғасатынын атап өтті.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "Астана жастары" КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаевтың айтуынша, бұл науқан алда SMALL сияқты басқа да Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар супермаркеттер мен гипермаркеттерде өткізіледі.