Ол бұл жұмыстың CNPC-мен бірлесіп атқарылатынын және зауыт жылына 800 мың тонна карбамид өндіретінін ерекше атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаны пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жоғары оқу орындарымен әріптестік аясында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп карбамидті қаптауға арналған күкірт-полимер өндіру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастау көзделген.
– Күкірт-полимер өндіру ауыл шаруашылығында карбамидті қолдану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп қосты Асхат Хасенов.
Сонымен қатар, компания ғылыми-зерттеу қызметін дамыту аясында көміртегі ізін азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыруда.
– Біріншіден, жаңартылатын энергия көздері негізінде "жасыл" сутегі өндіретін эксперименттік қондырғы әзірленді. Электролизер қуаты 20 кВт болған жағдайда сутегі өндіру көлемі сағатына 5 қалыпты текше метрге жетті. Ал электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіші сағатына 32 мың кВт болды (2025 жыл), – деді ол.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының сөзінше, сутегіні сақтау және тасымалдауға арналған арнайы қорытпалар әзірленіп, жүргізілген зерттеулер нәтижесінде материал құрамындағы сутегі мөлшері қорытпа массасының 0,8%-ына жеткен. (халықаралық стандарт – 1,5-2%)
Спикер сутегіні электр және жылу энергиясын өндіруде қолданудың халықаралық тәжірибесі зерделеніп жатқанын және Қазақстанда алғаш рет сутегі энергетикасының әлеуетін бағалауға арналған цифрлық платформа әзірленгенін жеткізді.
– Аталған жүйе өңірлердің су ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейін, күн және жел энергетикасының мүмкіндіктерін, сонымен қатар сутегі өндірісінің әлеуеті мен өзіндік құнын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді, – деп нақтылай түсті компания өкілі.