Біртанов ісі: Адвокат Бейсекеевтің сот алқасының құрамына наразылығы туралы өтініші қанағаттандырылмады

584

Астанада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz. 

Біртанов ісі: Адвокат Бейсекеевтің сот алқасының құрамына наразылығы туралы өтініші қанағаттандырылмады Фото: golos-naroda.kz

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сот алқасының құрамына қарсылық білдіру туралы өтініші қанағаттандырылмады.  

"Қаулы шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш хатқа енгізілуі мүмкін. Келесі сот отырысы 12 қаңтар күні сағат 14.30-да болады", - деді судья Айбек Әмірғалиев.

Бүгінгі процесте Ericsson Nikola Tesla-ның платформасына қатысты мәселелер талданды. Қорғаушы тараптың айтуынша, "бірінші сатыдағы сот аталған платформаны жарамсыз деп тапқан, десек те платформа әлі зерттелмеген" көрінеді.

Олжас Әбішев бірінші сатыдағы соттың істі қарағанына көңілі толмағанын ашық жеткізді. Оның сөзінше, "материалдар зерттелмеген, куәгерлерден соңына дейін жауап алынбаған және қорғаушы тарап ұсынған  куәгерлер толық шақырылмаған".

"Мен сіздерге мынаны айтқым келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Мусин мырза оны процеске қосады деп 3 күн күтті. Алайда судья Әлкенов оны қоспады. Неліктен? Себебі министр Мусин барлық жерде платформа жұмыс істейтінін айтып жүр. Сондықтан да оны қоспаған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2022 жылдың желтоқсанында "2023 жылы Ericsson Nikola Tesla әзірлеген платформаны сүйемелдеу үшін бюджеттен 500 млн теңге бөлінетінін" айтты. (...) Қорғаушы тарап келтірген дәлелдердің бірде-бірі айыптау үкіміне енгізілмеген", - деді бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев.

"Біз мұнда ақиқатқа және шындыққа қол жеткізу үшін келдік. Біз ешқандай да қылмыс жасалмағанын, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану болмағанын дәлелдегіміз келеді", - деп атап өтті Елжан Біртанов.

Еске салайық, сот үкімі бойынша Елжан Біртановқа 5 жыл мерзімге, оның орынбасары Олжас Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу