Біртанов ісі: Сот экс-министрдің өтішін қанағаттандырған жоқ

879

Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық №2 соты бұрынғы Денсаулық сақтау министр Елжан Біртановтың өтінішін қанағаттандырған жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Біртанов ісі: Сот экс-министрдің өтішін қанағаттандырған жоқ

Сотта экс-министр ДСМ Жеке қауіпсіздік департаментінің директоры Асқар Ақбаевты жәбірленуші тараптың өкілі ретіндегі рөлінен айыруды сұрады.

"Сондай-ақ Асқар Ақбаевты қорғаушы жаққа куәгер ретінде шақыруға өтініш жасаймын. Біртановтың қорғаушылары оған куәгер ретінде сұрақ қойғысы келеді. Оның денсаулық сақтау саласын ақпараттық платформасы туралы іске тікелей қатысы бар, әрі ол маңызды құжатқа қол қойған", – деді Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, мұндағы мәселе 2021 жылғы 1 қарашадағы пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс ақпараттық платформаның техникалық жай-күйі туралы актіге байланысты. 

"Сот басты сот талқылауын тағайындап, оны орыс тіліне аударуға және сот отырысында зерттеуге міндеттеді. Асқар Ақбаев және бұл құжатқа қол қойған басқа адамдар бар: Денсаулық сақтау министрлігі, республикалық денсаулық сақтау орталығының өкілдері, Ericson Nikola Tesla компаниясының өкілдері. Бұл құжатты талқылау кезінде Біртановтың қорғаушылары олардан жауап алады. Осыған байланысты Асқар Ақбаев жәбірленуші өкілі бола алмайды. Себебі сот процесіне қатысушы бір уақытта 2 статусқа ие бола алмайды", – деді бұрынғы министр.

Сарыарқа ауданы №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов Елжан Біртановтың бұл өтінішін қанағаттандырған жоқ. 

Айта кетейік, елордада бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

Еске салайық, 2020 жылғы 25 маусымда Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қызметінен кетті. Экс-министрдің ұсталғаны туралы қарашаның басында белгілі болды. Сол айда Біртанов үй қамауына алынды. 

Алғашында Елжан Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, кейін сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бап "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұрынғы министр науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген.

Бүгінде бұл платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сондай-ақ Елжан Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылғы маусымда Тараздан Нұр-Сұлтанға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланды деген күдікке ілінген.

Сонымен қатар бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 2020 жылғы 2 тамызда ұсталды. Ол "билікті асыра пайдаланды" деген күдікке ілінді.

Олжас Әбішев 2018 жылы денсаулық сақтау вице-министрі болды. Шенеунік цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жетекшілік етті.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу