Біртанов ісі: Сотта айыптаушы тараптың куәгері "әлсіз" болды

783

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.    

Біртанов ісі: Сотта айыптаушы тараптың куәгері "әлсіз" болды

Отырыста айыптаушы тараптың куәгері Дмитрий Ильясовтан жауап алынды, деп жазады inbusiness.kz. 

Сот отырысында Дмитрий Ильясовтың 2019 жылы жазған хатының мазмұны көрсетілді. Онда "Кешенді медициналық ақпараттық жүйе" бағдарламасына қатысты наразылығын білдірген. Одан бөлек "Денсаулық сақтау министрлігі пайдасыз бағдарламаларға, соның ішінде медицина платформасына жұмсаған мемлекеттік ақшаны қайтару" туралы да сөз қозғалады. 

Дмитрий Ильясовтан жауап алынғанда ақпараттық жүйелер арқылы қызметтерді ала алмағандығын алға тартты. Бірақ бұл наразылығы бойынша жазбаша өтінішті Денсаулық сақтау министрлігіне қалдырмаған. Тіпті өзі тіркеуде тұрған медициналық ұйымның басшылығына, Тұтынушылар құқығын қорғау одағына да жүгінбеген. Куәгердің айтуынша, бірден Қаржы мониторингі комитетіне жүгінген екен. 

Елжан Біртановты қорғаушы тарап куәгерге "Өтінішіңізде "елде хаос" деп жазғанда нені білдіргіңіз келді?" деп сұрақ қойды.

"Хаос жағдай деп ұзын-сонар кезекті, тәртіпсіздікті меңзедім...Осыған дейін мұны эмоцияда жазғанымды айтқан едім. Мен "елдегі хаос" деп адамдардың қабылдауға жазыла алмағандығын, олардың ұрыса бастайтындығын меңзедім. Кезекте тұрсаңыз, олардың бәрі қалай ұрысатындығын көресіз. Мен соны меңзедім. Мен мұнымен қандай да бір саяси, геосаяси жағдайды білдірген жоқпын. Мен қызметті алумен байланысты жағдайды айтқым келді", – деді куәгер.

"Өтінішіңізде Денсаулық сақтау министрлігін тексеру туралы неге сұрадыңыз" деген сұраққа Ильясов емхана мен аурухана министрлікке қарайды деген себепті алға тартты. 

Куәгер осыдан үш жыл бұрын ұлымен бірге емханаға қаралған нақты күнді есіне түсіре алмады. Ол емханаға барған кезде мемлекеттік қызмет түрін ала алмағандығын, бірақ нақты қандай қызмет түрі қажет болғандығын айта алмады. Бұдан бөлек Ильясов өтінішті жазғаннан кейін ақпарат алу үшін Қаржы мониторингі комитетіне қайта жүгінбегенін де айтты. 

"Жүгінген жоқпын. Себебі қазір жақсы жаққа өзгеріс бар екенін көріп отырмын. Жүйе жұмыс істеп жатыр. Қаншама уақыт өтті. Мен ол жүйені қолданып, осыған дейін айтқанымдай, ол арқылы дәрігерді үйге шақырдым. Дәрігер келіп, өтінішті жапты. Сізбен сөйлескен кезде Дамумедте жеке кабинетіме кіріп, екі жабылған өтінішімді көрдім", – деді айыптаушы тарап куәгері. 

Қорғаушы тараптың "Демек елде хаос жағдай жоқ?" деген сұрағына Дмитрий Ильясов "Хаос бітті" деп қысқа қайырды. 

Айыптаушы тарап куәгерінің жауабына адвокаттар – Дмитрий Куряченко, Серік Сағалиев, Нұрлан Бейсекеев және қорғаушы тараптың қанағаттанбағаны байқалды. Себебі Ильясовтың жауаптарында сенімділік сезінбеді. 

Айта кетейік, экс-министр Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдады деп айыпталып отыр. Бұдан бөлек олар қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке де ілінген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу