Біртановтың бұрынғы кеңесшісі "СҚ-Фармация" ісінде куәгер ретінде жауап берді

891

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі болған Шыңғыс Шәкіров "СҚ-Фармация" ісінде куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Біртановтың бұрынғы кеңесшісі "СҚ-Фармация" ісінде куәгер ретінде жауап берді Фото: tengrinews.kz

Куәгер өткен жылдың наурызында коронавирус жұқтырып алып, елордадағы инфекциялық стационарлардың біріне жатқызылған. Науқас жай жатпай сол тұста дәрігерлермен әңгімелесіп, олардың жұмысына бақылау жасапты. Сол кезде медицина мамандары оған маска, қолғап жағынан проблема болмаса да, қорғаныс костюмдары жетіспей жатқанын айтқан көрінеді. Бұл жөнінде Шыңғыс Шәкіров алдымен вице-министр Людмила Бюрабековаға, одан кейін Елжан Біртановтың өзіне хабар берген.

"Мен осы мәселеге жауапты Людмила Бюрабековаға жазып жібердім. Алайда ол мен жатқан ауруханаға қорғаныс костюмдарының жіберілгенін хабарлады. Ауырып жатқандықтан, ары қарай бұл мәселені қаузаған емеспін. Дәрі-дәрмектің ауыр түрін қабылдап, әлсіз күйде жатқам. Ұйқым келе берді. Ары қарай ауруханадағы жұмысымды белсенді түрде жүргізе алмадым",– дейді бұрынғы министрдің кеңесшісі.

Куәгер істі зерттегенін айтады. 
"Костюмдердің болу-болмауын медицина қызметкерлерінің ауруға шалдығуымен байланыстырып жатыр екен. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қорғаныс костюмдерін кию – міндетті шара емес екенін, оның бар-жоғы медицина персоналының қауіпсіздігіне еш әсер етпейтінін түсіндірген. Бұл нұсқауды керек десеңіз, батыс елдерінің медициналық персоналы да ұстанады. Өткен жылдың наурызында ғана Қазақстанда вирус пайда болды. Ол тұста оның қалай тарайтыны соңына дейін зерттелмеген де еді", дейді ол.

Сот түстен кейін сағат 15.00-де жалғасады.

Айта кетерлігі, елордада "СҚ-Фармация" компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сот отырысы жалғасуда. Оған қорғаныс костюмдерінің уақтылы жеткізілмеуіне қатысты айып тағылып отыр. Мұның салдарынан 2020 жылдың сәуір мен мамыр айларында медицина қызметкерлерінің бәрі де жаппай індет жұқтырғаны айтылған болатын.
Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу