Судья бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сот процесінде аудиожазба, фото және видео түсіруге тыйым салу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Судья Ибрагим Әлкенов мұндай шешімін түсіндіруге тырысты.
Оның айтуынша, сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы сын-пікірлері жазылған дыбыс пен субтитрлер қойылған бейнеролик пайда болған. Онда автор сотқа дейінгі тергеп-тексеру туралы қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысқан.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңына сәйкес, ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға, судьяға қандай да бір ықпал етуге құқығы жоқ", – деді судья.
Бұл ретте сот журналистер мен басқа да тұлғалардың сот отырысына қатысуына, жазбаша ескертулер жасауға тыйым салмайды.
Алайда бұл шешіммен адвокаттар мен айыпталушылар келіспеді.
Еске сала кетсек, экс-министр Елжан Біртановқа ведомство басшысы болған кезде орынбасары Олжас Әбішевпен бірге жалған ақпараттандыру платформасын іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Осылайша, айыптаушы тарап экс-шенеуніктерге мемлекетке 1,5 млрд теңге көлемінде шығын келтірді делінген.