Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе қашан іске қосылады?

158

Денсаулық сақтау министрлігі заңсыз көрсетілетін медициналық  қызметтерді жою бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. 

Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе қашан іске қосылады? Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе келесі жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп биылғы қазан айында жол картасын дайындап, оған қол қойдық. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру жол картасында көрсетілген. Келесі жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспары бар. Оның ішінде медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі келесі жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін іске қосылады деген болжамымыз бар. Қалған барлық медициналық ақпараттық жүйенің интеграциясын келесі жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз", – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенат отырысында.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов бүгінде денсаулық сақтау саласында цифрландыруға қатысты бірнеше мәселе барын жасырмады.

"Оларды мойындаймыз. Жол картасын қабылдадық. Оның аясында негізгі бес бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншіден, азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Қазір азаматтар медициналық ұйымдарда қызмет алу үшін кезекте тұруға мәжбүр. Екіншіден, медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдету. Бұл бүгінгі таңдағы мәселе. Өйткені дәрігерлердің қызмет көрсету үшін жарты сағатқа дейін әртүрлі ақпараттарды қолмен толтырады немесе компьютерге дейін енгізуіне тура келеді. Үшіншісі – заңсыз көрсетілетін медициналық  қызметтерді жою. Орысша айтқанда "приписка". Осы бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың 1 қаңтарында бірыңғай төлем жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазір тестілеу жұмыстары аяқталуда. Екіншіден, 2025 жылдың ішінде бірыңғай дерекқорлар базасын іске асыру жоспары бар. Бүгінде барлық медициналық ұйымдарда тіркелетін азаматтарға байланысты ақпарат болса, мемлекет тарапына жүз пайыздың тек 15 пайызға жуығы беріледі. Қалғанының барлығы жергілікті коммерциялық медициналық ақпараттық жүйелерде қалып қойып отыр. Оның бәрін мемлекет тарапында тіркеу жоспары бар", – деді вице-министр.

Айта кету керек, биыл Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін құруды тапсырған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу