Астанада "ASTANA TAXI" инвестициялық жобасы аясында екі компанияға 100 жаңа көліктің кілті табысталды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Жобаның басты мақсаты – Астана қаласында "ASTANA TAXI" бірыңғай такси қызметін енгізу, соның ішінде заңды автотасымалдаушылардың санын арттыру арқылы халықтың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгінде жоба аясында қосымша 200 дана автомобильді іске қосуға байланысты дайындық жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесі қарсаңында қала жолдарына тағы 300 жаңа автокөлік пен қолданыстағы таксомоторлы компаниялардың 300 көлігі шығады. Барлық көлік бір стильде безендіріледі.
Жобаның екінші кезеңі және қосымша қызмет көрсету түрлері қыркүйек айына дейін іске қосылады. Бұл қосымша тағы 300 автокөлік. Жолаушылар үшін "тегін WI-FI" қызметі ұсынылады.
Әкімдіктің хабарлауынша, "ASTANA TAXI" – бұл ресми тасымалдаушыларды біріктіретін бірыңғай такси қызметі және оның қалалық және мобильді байланыс арқылы 15800 нөмірі арқылы қосылуға мүмкіндік беретін бірыңғай CALL Center бар.
Такси шақыру үшін ыңғайлы ASTANA TAXI қосымшасы бар және карточкамен төлем жасау үшін таксиге POS терминал орнатылған.
Сондай-ақ бір жүйелі такси қызметі үшін қоғамдық орындарда арнайы тұрақ бөлу мәселесі және bus line жолағымен жүретін мүмкіндік қарастырылып отыр.
Айта кетейік, жоба такси компанияларының жеке инвестициясы есебінен қаржыландырылады.
ASTANA TAXI жобасы 7 мамырда қосылады.