2019 жылдың он айының қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) құйылған зейнетақы жарналарының сомасы 799,7 млрд теңгені құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен (688,5 млрд теңге) салыстырғанда 16,1% өскен. Салымдардың барлық түрлері бойынша да өсім байқалады. Ал жалпы БЖЗҚ-да бүгінгі күні он жарым трлн (10 559 310 670 мың) теңгеден астам қаржы бар.
Жарналардың ұлғаюы себебінің бірі – халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімінің артуы. Мәселен, биылғы жылдың қаңтар-қазан айы аралығында ерікті зейнетақы жарналары 287,3 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,9%-ға өскен. Бір қызығы, бұл көрсеткіш 2018 жыл бойы салынған жарналар сомасынан (258,8 млн теңге) 11%-ға жоғары.
Міндетті зейнетақы жарналары 16,5%-ға, яғни 763,3 млрд теңгеге дейін, ал міндетті кәсіби жарналар 9,1%-ға, демек 36,1 млрд теңгеге дейін өскен.
Тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелеріне қарағанда, жұмыс істейтін қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне деген сенім деңгейінің артып келе жатқанын ranking.kz мәлім етті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенім деңгейі 2017 жылы 5,7 балл болса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 6,4 балға дейін өскен. Зерттеулер еліміздің 14 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қала тұрғындарына жаппай сауалнама жасау арқылы жүргізілген. Айта кету керек, ауыл тұрғындарының сенім деңгейі қала халқына қарағанда жоғары. Ауыл тұрғындарының орташа сенімі – 6,4 балл, қала тұрғындары – 6,09 балл.