Бірыңғай жиынтық төлем механизмі өзін-өзі ақтамады – министр

635

Келесі жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем жойылады. 

Бірыңғай жиынтық төлем механизмі өзін-өзі ақтамады – министр Фото: Inbusiness.kz

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бірыңғай жиынтық төлемді бірнеше жыл бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға бір жеңілдік түрінде енгізген болатынбыз. Бірақ бұл құрал өзін-өзі ақтаған жоқ. Себебі 2023 жылдың деректеріне сүйенсек, жыл бойы БЖТ арқылы төленген сома 1,5 млрд теңге ғана. 300 мың адам қамтылған. Яғни, бұл сома мардымсыз. Біз басқа да тетіктердің бар екенін ескеріп, бірыңғай жиынтық төлемді енгізуді жөн көрдік. Басқа тетіктер дегеніміз жеке кәсіпкерлікті ашуға болады. Қаржы министрлігі жеке кәсіпкерлікті мобильді қосымша арқылы ашу бойынша жақсы құрал ойлап тапты", - деді Қаржы министрі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Оның дерегінше, бүгінгі таңда бұл бағытта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қаржы жетіспей жатыр. Неге десек, БЖТ бойынша бір-ақ пайыз төледі. Бұл қай жағына жетеді? Не салық емес, не әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жетпейді, басқа да міндетті төлемдерді ақтамайды. 1,5 млрд теңге деген түк емес. Біздің мемлекеттік сақтандыру жүйесінің жылына халықты қамтамасыз етуге төлейтін қаражаты 150 млрд теңге. Сондықтан да әр азамат әлеуметтік сақтандыру қорынан өзінің денсаулығына байланысты қызмет аламын деп үміттенсе, жалпы Қазақстан азаматы ретінде салық төлеуге ниеті болса, бұл Конституцияда көрсетілген норма. Осы заңда көрсетілген нормаларды немесе тетіктерді қолдану керек", - деп түсіндірді ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу