Биржада экспорттаушыларға қосылған құн салығының 70%-ы бірден қайтарылмақ

1000

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Биржалық комитетіне осындай бастама көтерді. Осылайша жаңа нормаға сәйкес тауар биржасында өнім экспорттайтындарға бірнеше жеңілдік қарастырылған. 

Биржада экспорттаушыларға қосылған құн салығының 70%-ы бірден қайтарылмақ

"Экспорттаушылардың электрондық шот-фактуралары болған жағдайда қосылған құн салығының 70%-ын бірден, ал 30%-ын  аудит нәтижелері бойынша қайтару жоспарлануда. Бұл мүмкіндік қазіргі кезде Сауда және интеграция министрлігімен және ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп пысықталуда", – деп жазылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.  

Айта кететіні, ҚР Сауда және интеграция министрлігі биржалық тауарлардың тізбесі өткен жылғы желтоқсан айының соңында бекіткен болатын. Тізбеде көрсетілген тауарлар 2021 жылы кезең-кезеңімен сауда-саттыққа шығарылмақ. 
Сонымен қатар Биржалық комитет коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық саудасына ерекше назар аудармақ. Бүгінгі күні коммуналдық-тұрмыстық көмір өндіретін ірі компаниялар өнімнің барлық көлемін тауар биржалары арқылы сатады, оны ірі көтерме компаниялар сатып алып, өңірлік операторларға қайта саудалайды. 

"Нәтижесінде өндірушіден 1 тонна үшін 4400-6200 теңге мөлшеріндегі көмірдің бастапқы көтерме бағасы соңында 13000-15000 теңгеге дейін өседі. Бұл ретте биржаларда көмір сатып алатын ірі көтерме саудагерлердің орташа үстемесі шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. Мәселені шешудің бір жолы - өңірлік операторлардың тауар биржасына шығу мүмкіндігі қарастыру", – деп хабарлады комитет. 

Мұндай мүмкіндікті қарастыра келе комитет арнайы қағидалар әзірлеген. Оның ішінде өндірілетін коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жалпы айлық көлемінің 10%-ын биржалық сауда-саттыққа шығару бар. Сондай-ақ көмірді халыққа тікелей сататын компанияларды саудаға қатыстыру да қарастырылған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу