Астанада азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтірген Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша сот отырысы аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сот отырысында К. балалардың әкесі, яғни Қ.Бишімбаевтың қылмыстық жауаптылыққа тартылуын тағы сұрады. Сондай-ақ, БАҚ-тағы жағымсыз жарияланымдар балаларға психологиялық тұрғыда әсер ететінін айтып, ата-ана құқығынан айыруды сұрады.
Талаптарды қанағаттандыру үшін негіздердің толық тізбесі Неке (ерлі-зайыптылық) және Отбасы туралы Кодекстің 75-бабында көзделген:
Онда:
– ата-аналардың міндеттерін орындаудан жалтару, оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтару; ата-ана құқықтарын теріс пайдалану;
– балаға қатыгездік көрсету, оның ішінде оған күш қолдану немесе психикасына зорлық жасау, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасау;
– құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салыну;
– өз баласының, жұбайының не отбасының басқа мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқықбұзушылық жасауы.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды, себебі жауапкер балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол бермеді. Қылмыстық құқықбұзушылық отбасы мүшесіне қатысты жасалмаған.
Сондай-ақ, сот әкесінің балалардың тегін өзгертуге келісім бергенін назарға алып, талап қоюшыға осы мәселемен АХАТ органына жүгіну құқығын түсіндірген.
Аталған шешімге талап қоюшы шағым келтірген. Апелляцияда қарау кезінде жауапкер балалардың тегін өзгертуге және шетелге шығуға келісім берді. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырып отыр. Сот актісі заңды күшіне енген.
Сот АПК-нің 423-бабына сәйкес, апелляциялық сатыда істі қарау кезінде қарар бөлімі ғана жарияланатынын және сот актісі 5 жұмыс күні ішінде дайындалып, Сот кабинетіне салынатынын қосымша хабарлаған.