Бишімбаев ісі: Сенат төрағасы соттың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді

1320

Бұрынғы шенеунікке қатысты істі алқабилер соты қарайтын болды.

Бишімбаев ісі: Сенат төрағасы соттың әділ шешім шығаратынына сенім білдірді Фото: Cенат

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың  сотына қатысты тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Меніңше, бұл істі (ред. – Қуандық Бишімбаев ісі) қарау аяқталып, оның нүктесі қойылғаннан кейін, мұның барлығы БАҚ беттерінде жазылып, қазір қаралып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жауапкершілікті күшейту және балалар құқығын қорғау бойынша заң қабылданған соң, біздің қоғамда үлкен өзгерістер болады. Қазірдің өзінде қоғам басқа. Былтырғыға қарағанда адамдар абьюзерлікке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа басқаша қарайды. Қазірдің өзінде қандай да бір мәселелер туындағанда адамдар үнсіз қалмайды. Әйелдер үнсіз қалмайды. Бүгінде әйелдер өз қарсылығын білдіріп, бұл туралы ашық айтады", - деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев алдағы сот шешімі әділ әрі заңды болатынына сенім білдірді.

"Өз басым бұған күмән келтірмеймін. Судьялар мен Жоғарғы Соттың басшылығы, осы процесті қарап жатқан судьялар қоғам алдындағы жауапкершілікті түсініп отыр деген ойдамын. Әлдекім қандай да бір манипуляцияға еріп кетеді деп ойламаймын. Сол себептен журналистер де бұл жағдайды кішкене сабырмен қабылдауы керек", - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Айта кету керек, осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың Наурызды жаңа форматта тойлауға қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу