Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында прокурор болған Айжан Аймағанова әйелдердің құқықтық сауатын арттыру зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызды екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокурор тәжірибесінде түрлі жағдайлармен бетпе-бет келген. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық дер кезінде көмек сұрамағандықтан ушыға түседі.
– Бір отбасының жанжалы есімде қалды. Күйеуі әйелін соққыға жығуды әдетке айналдырған, олардың екі баласы болатын. Әйелдің үшінші балаға аяғы ауыр еді. Онымен сөйлесіп, ажырасқысы келмесе, заңды түрде шара көргісі келмесе бірнеше ай бөлек тұруды ұсындым. Алайда әйел бас тартты. Ақыр соңында тағы соққыға жығылып, баласынан айырылды. Іс бәрібір сотқа жетті. Бұл жердегі қателік – үнсіз қалу, қоғамдағы "ұят болады" деген стереотиптен ажырамау, соңына дейін шыдау, – деді Айжан Аймағанова UMAI форум-кездесуінде.
Спикердің сөзінше, мұндай жағдайлар қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген төзімділік әлі бар екенін көрсетеді. Алайда соңғы жылдары қоғамда резонанс тудырған бірқатар іс мәселеге деген көзқарасты өзгертуге ықпал етіп жатыр.
– Бишімбаевтың ісі көпке сабақ болды, себебі одан кейін "Салтанат заңы" қабылданды. Осындай оқиғалардан кейін әйелдер құқық қорғау органдарына жүгініп, мәселені ашық көтеруі қажет, – дейді спикер.
Мәселенің қаншалықты өзекті екенін ресми статистика да айғақтайды. Өткен жылдың он айында отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде 80 кісі өлтіру дерегі анықталған.
Тұрмыстық жанжал мен отбасылық қақтығыстар көбіне ажырасуға ұласып, оның салдары алиментке тіреледі. Алайда мұндай жағдайда көптеген әйел өз құқығын толық білмейді. Сондықтан құқықтық түсіндіру жұмыстары ерекше маңызға ие.
Бұл ретте Айжан Аймағанова әйелдерге ажырасу, мүлікті бөлу және алимент өндіру мәселелері бойынша нақты кеңес берді.
– Ерлі-зайыпты заңды некені бұзбаған, бірақ жанжалдан кейін бөлек тұра бастаған. Ер адам үйден кетеді, әйел баламен бірге сол үйде қалады. Артынша әйел некеде бола тұра өзіне және баласына алимент өндіріп алды. Мұндай іс тәжірибемде болды. Яғни әйел баласы үш жасқа толғанша күйеуінің асырауында болуға құқылы. Ол үшін ажырасудың қажеті жоқ, – дейді прокурор.
Бұл норма неке және отбасы туралы заңның 148-бабында көрсетілген. Заңға сәйкес, ерлі-зайыптылар бір-бірін материалдық жағынан қолдауға міндетті. Егер қолдаудан бас тартса, әйел жүктілік кезінде және ортақ бала туған күннен бастап үш жыл бойы жұбайынан алимент талап етуге құқылы.
Әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесі тек тұрмыстық деңгейде емес, заңнамалық деңгейде де қарастырылып келеді.
– Жаңа Конституция жобасындағы неке туралы норма да отбасы институтындағы тең құқық қағидатын нығайтуды көздейді. Ер мен әйел бастапқыдан тең деңгейде тұрады, ал Конституция олардың некеде де тең құқықта болуын бекітеді, – деді Айжан Аймағанова.