Айта кетейік, Бишімбаев пен оның марқұм әйелі Нүкенова заңды түрде некелеспеген. Бірақ, олар екі рет бір мешітке барған және екі рет бір имам мұсылманша некелерін қиып берген.
"2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Бишімбаев пен Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен олардың некелері қиылған. Аталған азаматтардан және олардың туыстарынан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде, олар "жасалып жатыр" деп жауап берген. Олар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некелерін қиып беруін өтінген. Аталған азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіттің имамы Қанат Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды", – деп жазды Ағабек Қонарбайұлы.
Қанат Қыдырмин бұрын Ақмола облысының бас имамы, "Әзірет Сұлтан" мешітінде наиб имам, ұстаз болып жұмыс істеген. ҚМДБ жанындағы "Зекет және қайырымдылық" қорының директоры қызметін атқарған.