Бишімбаев пен оның отбасының мүлкін тәркілеуді талап ететін петиция жарияланды

874

Қоғамдық белсенділер экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туыстарының мүлкін тәркілеуді талап ететін петиция жариялап, жағдайға Президенттің араласуын талап етті.    

Бишімбаев пен оның отбасының мүлкін тәркілеуді талап ететін петиция жарияланды Фото: ortcom.kz

“Біз біргеміз” консультативтік-ситуациялық орталықтың бастауымен Бишімбаевтардың табысын тексеріп, мүлкін тәркілеу ұсынылды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

“Уәкілетті органдарға нұсқау беріп, отбасының барлық мүлкіне жедел тексеру жүргізу қажет. Аса қатыгездікпен кісі өлтірді деген күдікпен қазір сотқа тартылған Бишімбаев бұрын министр болып жұмыс істеген кезінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғанын білеміз. Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, жемқор шенеуніктің анасы әлі күнге дейін әртүрлі компанияларда ірі бизнес активтеріне ие. Бұл сотталған жемқор шенеуніктің үкімді орындаудан және мүлкін тәркілеуден жалтарып үлгергенін көрсетеді”, – деп жазылған петицияда.

Олар Әлмира Нұрлыбекованың 2005-2016 жылдары иеленген активтерінің заңдылығына күмәнмен қарайды.

"Үй шаруасында болған анасының, ұстаздықпен айналысқан әкесі Уәлихан Бишімбаевтың мұндай байлығының болуы сенімсіз", - дейді.

“Бишімбаев өз байлығының мүмкіндіктерін шексіз пайдаланып жатыр. Оны қорғайтын адвокаттардың саны оннан асты. Олардың арасында тергеу анықтаған айғақтарды бұрмалағысы келгендер де болды. Аталған заңгерлер Нүкеновтер отбасының сезімін, жалпы адамзаттық құндылықтарды асыра сілтеп, Нүкенованың образын жаман етіп көрсетіп, садистік қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамды ақ етіп шығаруға ұмытып отыр” – деген ұстанымда белсенділер.

Петиция авторлары Бишімбаевтың мүлкін тәркілеуге қатысты бұрын шығарылған үкім толық орындалуын талап етті. Әзірге оған 61 мыңнан астам адам қол қойған.

Айта кетейік, бүгін Бишімбаев ісі бойынша үшінші сот отырысы өтті. Сотта экс-министр Нүкеновтер отбасынан кешірім сұрады, бірақ кінәсін мойындаған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу