Бишімбаев жазасын қай түрмеде өтейтіні белгілі болды

1554

Заңгердің айтуынша, айыпталушы жазасын үкім шыққан жерге қарасты түрмеде өтейді.  

Бишімбаев жазасын қай түрмеде өтейтіні белгілі болды Фото: коллаж inbusiness.kz

Сондықтан экс-министр Астанаға қарасты жалғыз қауіпсіздігі жоғары мекеме — Аршалы түрмесіне жіберілуі әбден мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz сайты.

Күні кеше азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шығып, оған 24 жыл бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Үкім бойынша ол жазасын  қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейтін болды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің редакцияның ресми сауалына жауабына сәйкес, Қуандық Бишімбаевтың нақты қандай түрмеде отыратыны жайлы үкім заңды күшіне енгенше ақпарат берілмейді.

Алайда заңгердің айтуынша, айыпталушы әдетте жазасын үкім шыққан жерге қарасты түрмеде өтейді, себебі ҚР Қылмыстық атқару кодексінің 88-бабына сәйкес:

Бас бостандығынан айыруға сотталғандар оларды түзету, әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және олардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін қажетті жағдайларды ескере отырып, мекемеге жіберіледі.

Ал Астанаға қарасты жалғыз қауіпсіздігі жоғары мекеме — Аршалы түрмесі, яғни оның сол абақтыға жіберілуі әбден мүмкін.

"Дәл қазір, кешегі үкім заңды күшіне енгенше, оның нақты қай абақтыға қамалатыны жайлы ештеңе айта алмаймыз, дегенмен әдетте жазасын өтейтін орын ретінде айыпталушыға үкім шыққан жерге қарасты түрме қарастырылады. 

Астана қаласына қарасты 2 түрме бар, соның бірі — қауіпсіздігі жоғары мекеме болып саналатын Аршалы, бірақ Бишімбаевтың қорғаушылары сот шешіміне шағымдануы мүмкін, ал оның нәтижесі қалай болары белгісіз, тіпті, айыптау түрі мен жазаны өтеу мерзімі өзгеруі де ықтимал. Оны енді апелляциялық сот шешеді. Тағы бір назар аударатыны — белгілі бір жағдайларға, соның ішінде, дәл осы түрмеде бос орынның болмауына байланысты Қуандық Бишімбаев еліміздің басқа аймақтарындағы түрмелердің біріне жіберілуі мүмкін", — деді заңгер.

Жалпы Қазақстанда қауіпсіздігі жоғары деп саналатын 13 жазасын өтеу мекемесі бар. Кеңестік классификация бойынша қауіпсіздік жоғары мекеме — қатаң режимдегі колония. Мұнда аса ауыр қылмыстар үшін сотталған, қылмысты қайта жасаған немесе бұрын сотталған қылмыскерлер отырғызылады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу